Сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік олимпиада

26 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық студенттік олимпиада өтті, оған еліміздің әр өңірінен келген университеттік командалар қатысты.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары  – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов олимпиаданың ашылуында сөз сөйлеп,  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыты болып табылады. Қоғам еліміздегі барлық әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалардың табысты іске асырылуы, әрбір жеке азаматтың әл-ауқаты сыбайлас жемқорлық деңгейін қаншалықты төмендететінімізге байланысты екенін түсінуі тиіс», – деп атап өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов олимпиадаға тек заң мамандықтарының ғана емес, басқа да факультеттердің студенттері қатысатынын айтты. «Жастар еліміздің болашағы және адалдық, ашықтық, әділдік категориялары олардың әрқайсысының кәсіби және жеке өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы аса маңызды. Бүгінгі олимпиадаға қатысушылар инновациялық шешімдер жасап, еліміздің сенімін нығайтып, беделін қалыптастыруға ықпал ететін болады», – деп атап өтті Арман Тастемірұлы.

Олимпиада бағдарламасына сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы тестілеу, кейстік міндеттерді шешу және капитандар конкурсы кірді. Беделді қазылар алқасы олимпиада жеңімпаздарын анықтап, байқаудың нәтижелерін қорытындылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Интегро» командасы тапқырлық және креативтілік танытып, үшінші орынға ие болды. Екінші орынға А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Заң сақшылары» командасы ие болды. Бірінші орынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Әділет» командасы иеленді. 

Барлық қатысушыларға сертификаттар мен арнайы жалаушалар табысталды. Аналитикалық ойлау, шешендік шеберлігімен ерекшеленген команда капитандары қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, жүлдеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша оқулықтар алды.

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі