Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халықаралық акциясы аясында жастарға арналған «Жақсылықтың күші бол!» атты жиын өтті.
«Аяулы жан» әлеуметтік жобасы шеңберінде ұйымдастырылған жиынға Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы, ҚазҰУ-дың тарих факультеті және Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы қолдау көрсетті.
Шара жастардың гендерлік зорлық-зомбылық мәселелеріне назар аудару және оның барлық түрлеріне қарсы белсенді позицияны қалыптастыруға бағытталған.
Жиында сөз алған Қазақстандағы БҰҰ UNFPA елшісі Ақмаржан Көшербаева гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналғанын атап өтіп, жиналған жастарға зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың маңызды аспектілері жайлы мол мағлұмат берді. Сондай-ақ жиында белгілі заңгер Әлия Омарова жастарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жан-жақты түсіндірді.
Қатысушылар өздерін қызықтырған сауалға жауап алып, зорлық-зомбылықты болдырмаудің әдістерімен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі