Ш. ЕЛЕУКЕНОВ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

14 қараша, 2024

Биыл қазақ халқының төл мәдениеті мен әдебиетінде өшпес із қалдырған шоқтығы биік қаламгер, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шериаздан Елеукеновтың туғанына 95 жыл толды. Осы орайда, мағыналы  да мәнді ғұмырын ұлттық интеллегенция деңгейінің көтерілуіне арнап, өмірден өткенше бір сәтке де қолынан қаламын тастамаған дара жазушының өмір жолы мен шығармашылығын келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында бүгін «Әл-Фараби» кітапханасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырған конференция «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» тақырыбында өрбіді.

Аталған конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов, Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымдарының докторы Дастан Елеукенов, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан, сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Намазалы Омашев, «Абай» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жаңғара Дәдебаев, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай және т.б. қатысты. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі конференцияға алыс-жақын шет елдерден де арнайы қонақтар онлайн қатысса, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер тікелей куә болды.  

Шараны тізгіндеген Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай алдымен жиылған қауымды арнайы қонақтармен таныстырып, одан соң алғашқы сөзді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры Алтай Ғабдрахманұлына берді. Ол өз сөзінде тау тұлғалы Шериаздан Елеукеновтің қазақ әдебиеті мен ұлт руханиятына, журналистика және ұлттық баспа ісі салаларына қосқан сүбелі үлесін айшықтай келе, қандай лауазымды қызмет атқарса да ғалымның ұлт мүддесі үшін қызмет еткенін, руханият пен мәдениеттің қайнар көзі кітаптану ғылымының ғылым болып қалыптасуындағы еңбегінің өлшеусіз екендігін тілге тиек етті.

Мұнан соң Шериаздан Елеукеновтің 95 жылдық мерейтойына орай арнайы жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсімі орындалды. Айта кету керек, аталмыш жинаққа зерделі ғалымның өмірі мен шығармашылығына байланысты мақалалармен қатар, бүгінгі іс-шара барысында оқылған арнайы баяндамалар да топтастырылған.

Бұдан кейін мінбе төріне көтерілген бас баяндамашы Бауыржан Жақып ел  ағасы – Елеукеновтің әдеби сын бағытындағы, оның ішінде қазақ халқына мәңгілік мұра боп қалған аса маңызды жинақтарды шығарудағы ерен еңбегіне әрі тұлғалық қасиеттеріне тоқталса, өзге баяндамашылар да Шериаздан Рүстемұлы қалдырған құнды жәдігерлердің – қазақ руханиятына бастайтын мәңгі азық екендігін баса айтты.

Баубек Бұлқышев айтқандай, «Адам дүниеге тек қана келіп, әшейін ғана аттана бермейді. Ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» демекші, өмірден өткенше «ұлтым», «қазағым» деп толғанып өткен шоқтығы биік қаламгердің қалдырған мұрасы мәңгі жаңғыратыны сөзсіз. Тарихтың қоймалжың қойнауында есімі алтын әріптермен жазылған Елеукенов есімін ардақтайтын да, «Шериаздантану» ғылымын танытатын да мына біз секілді жастар. Сондықтан, абзал азаматтың есімімен қатар, тұлғасын таныта отырып, келешек ұрпаққа кеңінен насихаттайтын мұндай игі шаралардың мән-мағынасы зор.

Осындай ғылыми конференцияны ұйымдастырып, оның халықаралық деңгейде өтуіне мұрындық болған Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұжымына алғысымыз шексіз.