Музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру: Г.А. Мейірманованың дәрісі

18 қараша, 2024

Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) №17 “Мақсатқа қол жеткізу үшін ынтымақтастық” бағыты аясында Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасында ғылыми тағылымдама және ғылыми біліктіліктен өтіп жатыр. Тағылымдама барысында т.ғ.к., доцент Г.А. Мейірманова "Өңір музейлерінің ұжымаралық, бірлескен онлайн музейлік инновациялық курс даярлау әдістемесі" тақырыбында дәріс оқыды.

Г.А. Мейірманованың дәрісі өңірлік музейлердің білім беру және мәдени қызмет көрсету мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Ол дәрісте музейлік білім беру бағдарламаларын әзірлеу барысында цифрлық технологияларды қолданудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Г.А. Мейірманова, атап айтқанда, өңірлік музейлердің ұжымдық және бірлескен онлайн курстар ұйымдастыру арқылы біліктілікті арттыру және қоғамда музей ісін кеңінен насихаттау бағытындағы тәжірибелерін бөлісті. Дәріс қатысушыларға жаңа тәсілдерді енгізудің қажеттілігін түсіндіріп, музейлік білім беру жүйесін жаңғыртуда бірлескен іс-шаралардың маңызы туралы пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Тағылымдама барысында қызметкерлер, сондай-ақ, музейде ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілу ерекшеліктері, тарихи экспонаттарды жүйелеу, оларды сақтаудың заманауи әдістері, музейлік экспозицияларды құру мен қоғамға ұсыну әдістемелері бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысты. Сонымен қатар, музей қызметкерлері музейлер арасындағы ынтымақтастықты арттыру, өзара тәжірибе алмасу, инновациялық жобаларды әзірлеу, жергілікті қоғамдастықпен жұмыс істеу, және тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері бойынша көптеген пікірталастарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл тағылымдама музей қызметкерлеріне өздерінің кәсіби шеберліктерін арттыруға және музей ісінде қолданылатын заманауи технологиялар мен әдістерді меңгеруге көмектесті. Олар өздерінің кәсіби білімдерін тереңдетіп қана қоймай, сонымен қатар әріптестерімен тәжірибе алмасып, өз аймақтарындағы тарихи-мәдени мұраларды сақтау және насихаттау жұмыстарына жаңа идеялар мен көзқарастарды енгізуге дайын болатынына сенімді болды.