Қытайлық әріптестермен жаңа байланыс

29 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Бейжің ғылым және технологиялар университетінің делегация құрамы жұмыс сапарымен келді. Қытайлық әріптестер университет басшылығымен кездесіп, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жүздесуде ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов меймандардың білім ордасымен серіктестікке қызығушылық танытқандарына алғыс білдіріп, ҚХР жоғары оқу орындарымен стратегиялық ынтымақтастығы жайлы айтты.

Қазіргі уақытта Қытайдың 65 жоғары оқу орнымен қол қойылған келісімдер шеңберінде бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру жобалары іске асырылуда. Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (СБПУ) филиалы ашылып, табысты жұмыс істеуде. ҚХР Ғылым академиясы жанындағы ШҰАА Экология және география институтымен бірлесіп ҚазҰУ базасында «Қашықтықтан зондтау және оларды қолдану технологияларының Қытай-Қазақстан бірлескен зертханасы» құрылды. Энергияны көп қажет ететін нанотехнологиялар жөніндегі халықаралық Қытай-Қазақстан ғылыми зертханасы Нанкиски ғылым және технология университетімен, «Коммуникациялық технологиялар 5G/5.5G» зертханасы Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп ашылды. Өз сөзінде бірінші проректор жемісті ынтымақтастыққа сенім артатынын білдіріп, меймандардың жасаған сапарына алғысын жеткізді.

Бейжің ғылым және технологиялар университетінің (USTB) канцлері, Қытай шетелдік ғылым, технология және өркениетті гуманитарлық алмасу ғылыми-зерттеу орталығының директорлар кеңесінің төрағасы У Гуйлун өз сөзінде 30 мыңға жуық студенті бар USTB мемлекеттік зерттеу университетінің қызметі туралы айтты. Қазіргі уақытта ЖОО жоғары технологияларды дамыту саласында белсенді байланыс орнатуда, сондықтан оның басшылығы бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында ҚазҰУ-мен ынтымақтастыққа мүдделі.

Кездесуде физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен, химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галеева да сөз сөйледі.

Тараптар өзара тиімді серіктестік мәселелері бойынша өз ұсыныстарын айтты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі