Философия ғылымына жаңа көзқарас

29 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде IX Қасымжанов оқулары аясында «XXI ғасырдағы қазақстандық философияның негізгі бағдарлары: руханилық, бірегейлік, құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараны философия және саясаттану факультетінің Философия кафедрасы, «Әл-Фараби» орталығы және Түркі халықтары философиялық қоғамының Қазақ комитеті бірлесіп ұйымдастырды.

Ауқымды жиын философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ағын Қасымжановтың туғанына 93 жыл толуына арналды.

2003 жылдан бастап бүгінге дейін ҚазҰУ базасында Қасымжанов оқулары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мақсат – қазақстандық философиялық мектептің дәстүрін сақтап, сабақтастықты жалғау, сондай-ақ философия ғылымының және бүгінгі Қазақстан қоғамының өзекті мәселелерін талқылауға  бағытталған.

Дәстүрлі түрде өтетін шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов, профессор, «Әл-Фараби» орталығының ғылыми кеңесшісі Жақыпбек Алтаев,  профессор Тұрсын Ғабитов, Экология және әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кеңесші, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы консультанты Болтри Роберто, философ-ғалымдар, сарапшылар, А.Қасымжановтың шәкірттері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.

Жиынды ҚазҰУ проректоры Еркін Дүйсенов құттықтау сөзбен ашты. «Әлем философиясында Ағын Хайроллаұлының есімі ерекше құрметке ие. Ғалым әл-Фарабидің философиялық ойы мен мұрасы тарихының теориялық мәселелерін алғашқы зерттеушілердің бірі болды. Оның тікелей қатысуымен 1993 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан «Әл-Фараби» орталығы құрылды», – деді проректор.

Шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай сөз сөйледі. «Ағын Қасымжанов өзінен кейінгі ұрпаққа Қазақстан ғылымы үшін құнды көне түркі жазулары, әл-Фараби, сонымен қатар әлеуметтік философияға қатысты мол зерттеулер қалдырды. Бұл ретте қазақ философиясына тың идеялар әкеліп, әл-Фарабидің шығармашылығын жаңа қырынан танытуға өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Дәртүрге айналған Қасымжанов оқулары халықаралық конференциясы философияның ғана емес, қоғамның өзекті әлеуметтік, рухани мәселелерін, жалпы, жаһандық күрделі құбылыстар талқыға салынатын ғылым мен білім алаңына айналды», – деді Дархан Медеғалиұлы.

Сондай-ақ халықаралық конференцияда Жақыпбек Алтаев,  Тұрсын Ғабитов, Болтри Роберто және т.б. ғалымдар баяндама жасап, әлем және қазақ философиясының өзекті мәселелері туралы пікірлерін ортаға салды.

Аталған конференция ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа зерттеу жобаларын, бірлескен ғылыми жарияланымдарды әзірлеуге, сонымен бірге қазақ және түркі әлемінің философиясын зерттеу аясында философиялық бағыттарды одан әрі өркендетуге өз үлесін қосады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі