Дархан Жазықбай ҚазҰУ студенттерімен кездесті

29 қараша, 2024

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім алушы жастарымен кездесті.

Жүздесуге оқу ордасының студенттері, жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушылары мен өңірлік кадр резерві мүшелері қатысты.

Дархан Медеғалиұлы мемлекеттік қызметті жаңғыртуға қатысты Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан іс-шаралар жайында айтты. Агенттік төрағасы отандық мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданып, оның қолданыстағы жүйені заман талаптарына сай жетілдіруге бағытталғанын жеткізді.

«Жуырда Президент жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманы іске асыру аясында Жапония мен Сингапур тәжірибесіне сүйеніп, жастарды мемлекеттік органдарға тарту үшін мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылады. Бұл дарынды жастарды мектеп жасынан бастап ынталандыруға мүмкіндік береді. Қатысушыларды іріктеу кезінде олардың жоғары академиялық оқу үлгерімі, қоғамдық өмірге белсенді қатысуы ескеріледі», – деді Дархан Жазықбай.

Сондай-ақ спикер жастардың мемлекеттік қызметке орналасуы үшін білімнен бөлек, әдеп құндылықтарын және жоғары мәдениетті бойларына сіңірулері қажет екенін баса айтты. «Сапалы кадрды ешкім сырттан әкеліп бермейді. Олар қоғамның ішінде. Біз сапалы кадрды тауып, мемлекеттік аппаратқа тартып, іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыруды көздейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек», – деген болатын. Осы орайда, адал азамат әділетті Қазақстанның қозғаушы күші», – деді Дархан Медеғалиұлы.

Жастармен кездесуде мемлекеттік қызметтің ел игілігі үшін қызмет етуді мақсат тұтатыны, жеке бастың мүддесі емес, елдің дамуына үлес қосу керектігі айтылды. Жастар мемлекеттік қызметке орналасуды барынша жеңілдету бойынша енгізілген жаңашылдықтарға қызығушылық танытып, өз пікірлерін ортаға салды.

Кездесу соңында МҚІА төрағасы «Әділетті Қазақстан – адал азамат мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тұлғалық болмысы» атты кітабын Фараби кітапханасының қорына табыс етті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі