Ғылыми-қор жұмысын ұйымдастыру: музей мамандарының тәжірибе алмасуы

21 қараша, 2024

Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) №17 "Мақсатқа қол жеткізу үшін ынтымақтастық" бағыты аясында Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасында ғылыми тағылымдама және ғылыми біліктіліктен өтуде.

Тағылымдама барысында ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртонның жетекшілігімен "Ғылыми-қор жұмысын қалыптастыру және ұйымдастыру" тақырыбында тәжірибе алмасу өткізілді. Бұл шара музей саласында қызмет атқарып жүрген мамандардың кәсіби білімдерін тереңдетіп, ғылыми-қор жұмысын басқарудың тиімді жолдарын үйренуге бағытталды.

Ғалия Теміртон дәріс барысында музейлік жәдігерлерді дұрыс сақтау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу жолдарын түсіндірді. Ол заманауи сандық технологияларды қолдана отырып, ғылыми қор жұмысының тиімділігін арттыру, жәдігерлерді сандық форматқа көшіру және оларды жүйелеу әдістерін көрсетті. Сондай-ақ, музей қорын басқару, оны зерттеу және жалпы көпшілікке қолжетімді ету бағытында тәжірибелік ұсыныстар берілді.

Тәжірибе алмасу музей қызметкерлеріне өздерінің ғылыми-зерттеу жұмысында жаңа әдістерді қолдануға, жәдігерлерді сақтау және таныстыруға қажетті дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді. Бұл тағылымдама музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және мәдени мұраны сақтау саласында үздік тәжірибелерді бөлісуге үлкен үлес қосты.