Жас ғалымдарға ашылған сапалы жол!

25 қараша, 2024

Кез келген саланың тірегі – білім мен ғылым. Себебі барлық мамандыққа кадр даярлайтын білім жүйесі болса, барлық саланың сапалық өнімділігі мен жалпы дамуын жіті зерттейтін – ғылым. Осы орайда ТДМ – 4 (4.3.2 – қоғамдық іс-шаралар) «Сапалы білім беру» аясында «Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты» басшылығы мен бірге бірнеше зертхана меңгерушілері химия және химиялық технология, механика және математика факультетінің бітіруші бакалаврлары, магистранттармен кездесу ұйымдастырды.

Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ жəне электрохимия институты» 1969 жылы ҚазССР ҒО-ның академигі Д.В. Сокольскийдің бастауымен қаланған.
Д.В. Сокольский атындағы "Жанармай, катализ және электрохимия институты" Қазақстандағы жанармай, катализ және электрохимия саласындағы бас ғылыми мекеме болып табылады, оның ғылыми жетістіктері халықаралық деңгейге танымал.  Институттың ғылыми қызметі жанармай, мұнайхимиясы, катализ және электрохимия саласындағы ғылыми, білім беру және өндірістік процестерді біріктіруге өте жақсы бағытталған.

Осы орайда институттың Бас директордың бірінші орынбасары Абильмагжанов Арлан Зайнуталлаұлы ғылым ордасының бүгінгі жай күйімен, барлық зерттеу лабораторияларымен, үкімет тарапынан қаржыланып жүзеге асып жатқан ғылыми жобаларымен жете тарыстырып шықты. Институттың қабырғасында ғылыми жұмыстарын (дипломдық, магистрлік, PhD) жүзеге асырып, Қазақстанның ғылымына өз үлестерін қосуға есіктерін айқара ашатынын айтып студенттеріміз бен магистранттарымызды шақырды. Арнайы іс-тәжірибеден өткен соң еңбек ақымен қамтамасыз етіп, шетелде тағыламдамадан өтулеріне де зор үлестерін қоса алатындықтарын жеткізді.

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының меңгерушісі профессор Е.А. Аубакиров: Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты мен кафедра ортасындағы байланыс бұрыннан өте жақсы екенін және институттың бірнеше професоорлары кафедраның ОПҚ екенін және катализ, мұнайхимия саласы бойынша ғылыми байланыс өте жақсы жолға қойылғанын айта отырып, алдағы уақытта бүгінгі айтылған тың жаңалықтарға қуана ризашылық танытып, ғылым жолына бағытталған жастарға бұл таптырмас мүмкіндік екендігін айтты.

Студенттер мен магистранттар институттың басшылығына және лаборатория меңгерушілеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

 

Физикалық химия, катализ және мұнайхимиясы кафедрасының доценті Жақсылықова Г.Ж.