Энергетиканың тұрақты даму стратегиясы қаралды*

2 желтоқсан, 2024

Қарашаның соңғы аптасында География және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының доценті, техника ғылымдарының докторы Абдибаттаева М.М "7М05209 Геоэкология және табиғатты пайдалануды басқару" мамандығының 2-курс магистранттарына және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс магистранттарына арналған "Тұрақты даму энергетикасы" тақырыбындағы ашық дәріс сабағын өткізді. Дәріс барысында тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) энергетика саласында жүзеге асырылуы бойынша нақты мысалдар мен зерттеу нәтижелері аталып өтті.

Тұрақты дамудың 7-ші мақсаты — "Қолжетімді және таза энергиямен қамтамасыз ету". Бұл мақсаттың негізі— әлемдегі барлық адамдар үшін қолжетімді, сенімді, таза және заманауи энергия көздеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету, энергия тиімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы қоршаған ортаға әсерін азайту.

2023 жылы әлемде тұрақты энергетика көздерінен алынған энергия жалпы энергия өндірісінің 30%-ын құрады, бұл көрсеткіштің 2030 жылға дейін 50%-ға жетуі болжануда. Елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған "Жасыл экономика" бағдарламасы жүзеге асырылып, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 10%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Шараның қорытындысында болашақта энергетикалық тиімділікті арттыру және табиғи ресурстарды үнемді пайдалану бойынша қатысушы магистранттар өз көзқарастарын білдіріп, ортада пікір алмасу жүргізілді.