02 желтоқсан күні Халықаралық "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік" акциясы аясында Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасы, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы мен Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен "Аяулы жан" әлеуметтік жобасы шеңберінде "Жақсылықтың күші бол!" атты Жастарға арналған диалог алаңы ұйымдастырылды.
Адам құқықтарының өрескел бұзылуы, әсіресе әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық Еуропа мен Орталық Азияда кеңінен таралған құбылыс болып отыр. Қазақстанда әрбір үшінші қылмыс әйелдерге қарсы жасалады. Зорлық-зомбылықтың арулардың қоғам өміріне толыққанды қатысуына кедергі келтіреді және көбінесе елеусіз қалдырылады. Бұл мәселені жастарға түсіндіру мен олардан кері байланыс алу мақсатында жүргізілген диалог алаңында осы мәселені шешу жолдары, заңдық негіздері туралы айтылды. Бүгінгі таңда осындай маңызды шараға тарих, механика-математика, физика-техника, заң факультетінің студенттері қатысып, сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісті.
Диалог алаңының қонақтары, спикерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының UNFPA елшісі Кушербаева Ақмаржан, танымалы заңгер Алия Омарова жастардың гендерлік зорлық-зомбылық проблемаларына назар аударып, оның барлық түрлеріне қарсы белсенді позицияны қалыптастыруға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценттері Е.Н.Ноянов, Ф.А. Қозыбақова, қауымд. профессор Н.А.Тасилова, PhD Ғ.З. Искакова, Ж.М.Бекбауова және «Аяулы жан» жобасының жетекшісі Сапарова Г.М. мен Маликова А.С. бұл шараны ұйымдастыруға атсалысты.