«Жапонияда оқу – біз үшін үлкен мектеп»Farabi University

«Жапонияда оқу – біз үшін үлкен мектеп»

15 қараша, 2024

15 қараша күні Қиыр Шығыс кафедрасына қарасты жапонтану бөлімінде академиялық ұтқырлық бойынша студенттердің есеп беру жиыны өтті. Жиында 4  курс студенттерімен қатар 3 курс студенттері Нұрқалиев Нұрсұлтан мен Орамалова Мөлдір де Жапониядағы оқу сапарлары жайлы презентация жасап, тәжірибелерін бөлісті. Екеуі биылғы наурыз-тамыз айлары аралығында Жапонияның Цукуба университетінде оқып қайтқан.

Жапонтану бөлімінде ҚазҰУ мен Жапонияның бірқатар университеттері арасында бекітілген келісім-шарттар негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Жапонияда оқып қайту мүмкіндігі жақсы жолға қойылған. Мысалы, 3 курс студенттерінің жалпы саны 24 болса, соның 13-і осы оқу жылында Жапонияның түрлі университетіне оқуға кетті. Нақтырақ айтсақ, Акимниязов Руслан мен Бақдаулетқызы Әсел  Канадзава университетінде, Бауыржанов Әділет, Клевцов Дмитрий, Рахымжан Малика Хоккайдо университетінде, Бекболат Мирас пен Мундабекова Аяла Токио шет тілдер университетінде, Дюсембай Анель, Маратқызы Маржан, Серікбай Балнұр, Тұрар Руханиат Цукуба университетінде, Капенова Дария мен Сагимбеков Абен София университетінде оқып жатыр. Олардың кейбірі бір жылға барса, кейбірі жарты жылға барған. Кейбірі жапон тіліндегі бағдарламамен оқыса, кейбірі ағылшын тіліндегі бағдарламамен оқуда. Көбі JASSO шәкіртақысын алса, ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі шәкіртақысын иеленгендер де бар.

Сондай-ақ, аталған студенттердің ішінде Жапонияға екінші рет оқуға кеткен студенттер барын айта кеткен жөн. Өткен оқу жылында Бекболат Мирас пен Мундабекова Аяла Бункёгакуин университетінде, ал Клевцов Дмитрий Цукуба университетінде жарты жыл оқып қайтқан болатын.

«Болашақ жапонтанушы ретінде бұл оқу сапарлары біз үшін үлкен мектеп іспетті. Болашақта Жапонияға бұдан да үлкен мақсатпен барамыз деп үміттенеміз»,  дейді студенттер.

                         

Жапонтану бөлімінің 3 курс эдвайзері,

аға оқытушы Шадаева М.Т.