- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ студенттері Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында болды
ҚазҰУ студенттері Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында болды
Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша кафедрасының «Экология» мамандығының 2 курс студенттері Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтына экскурсия жасады. Бұл сапар студенттерге еліміздің топырақ және агрохимия саласындағы ғылыми жетістіктерімен танысуға, тәжірибелік білімдерін арттыруға үлкен мүмкіндік берді. Экскурсия тұрақты даму бойынша кафедрасының доценті Шимшиков Б.Е. және профессор м.а. Мұқанова Г.А. бастамасымен өтті.
Экскурсия барысында студенттер институттың зертханаларымен танысып, заманауи зерттеу әдістері мен құрал-жабдықтардың қалай қолданылатынын өз көздерімен көрді. Ғалымдар студенттерге топырақтың құнарлылығын зерттеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша қызықты мәліметтер ұсынды.
Сапар соңында институт мамандары студенттермен сұхбаттасып, олардың сұрақтарына жауап берді және агрохимия саласындағы заманауи трендтер туралы ақпаратпен бөлісті. Студенттер бұл тәжірибелік экскурсияның өз болашақ кәсіби жолдарын таңдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ө.О.Оспанов атындағы институтпен тығыз байланыс орнату – ҚазҰУ-дың ғылыми-практикалық білім берудегі басты бағыттарының бірі болып табылады. Мұндай іс-шаралар жастарды ғылымға қызықтыру және олардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.