Елбасының ерен еңбектері ғалымдар мен студенттер баяндамаларына өзек болды
Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика және бизнес жоғары мектебінде жас ғалымдар мен студенттер арасында «Елбасының Нұрлы Жолы – болашаққа бастар жол» тақырыбында апталық іс-шараның пленарлық дөңгелек үстелі өтті.
Оны кіріспе сөз сөйлеп ашқан экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Ермекбаева егемен еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты жетістіктері Елбасының ерен еңбегімен келіп жатқанын мысалдармен сабақтастыра отырып, кеңінен әңгімелеп берді.
Бұдан кейін бағдарламаға сай жас ғалымдар, магистранттар мен студенттер «Елбасының өмір-өткелдері», «Президенттік басқару институты және Елбасы», «Тәуелсіздік жыл-дарындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктері» (Елбасының халыққа Жолдаулары негізінде), «Әлем – Қазақстан және Елбасы туралы» тақырыптарында баяндамалар жасады. Оларда Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың өткен өмірлік жолы мен ойып орын алатын орасан игі істері аталып, Еуропа және әлем лидерлерінің Елбасына берген бағасы сипатталды. Кездесудің пікір талқысында ғасырлар қойнауынан шығатын терең тарихы бар қазақтай қайсар халықтың «Тәуелсіздік» ұғымымен танысқанына көп болмаса да, қазіргі таңда әлем таныған ілгері ұмтылысы бар ел ретінде белгілі бола бастауы Елбасымен байланысты екені айтылды. Сондай-ақ, аз жылдар ішінде есімізді жиып, еңсемізді көтеріп, тарихымызды түгендеп, төл мәдениетімізбен қайта қауышуымыздың жылдам өтуіне аса зор ықпалын тигізген Көшбасшымыздың көрегендігі тілге тиек етілді.
Жиын соңында студенттер Елбасына арнаған жүрекжарды жырларын оқып, қазақтың қара домбырасымен күйлер төкті. Ілияс КУЛИЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика және бизнес жоғары мектебінің аға оқытушысы.