ҚазҰУ GUPLS-2024 саммитіне қатыстыFarabi University

ҚазҰУ GUPLS-2024 саммитіне қатысты

10 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ өкілдері Университет басшыларының жаhандық саммитіне (Global University Presidents & Leaders Summit, GUPLS 2024) қатысты.

Гонконгтың конференция және көрме орталығында өткен маңызды шарада 50 шақты елден 200-ден астам жетекші университеттердің өкілдері, танымал ғалымдар мен сарапшылар бас қосты. Мамандар білім беру саласындағы жаһандық мәселелер мен алдағы ортақ мақсаттарды талқылады.

Саммиттің екінші күнінде ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева «Демографиялық өзгерістер және болашақ білім беру» тақырыбындағы негізгі сессиялардың бірінде баяндама жасады. Демографиялық өзгерістерге бейімделу мақсатында білім беру жүйесін жаңғыртудың маңыздылығын атап өткен баяндамашы ҚазҰУ-дың тұрақты даму, инновациялық зерттеулер және болашақ кадрларды даярлау бағытындағы тәжірибесін таныстырды.

Сонымен қатар баяндамада тұрақты даму механизмдерін оқу процесі мен ғылыми зерттеулерге интеграциялаудың ерекше тәсілдері ұсынылды. Әлия Ақтымбаева университеттердің жаһандық үйлесімділік пен өркендеуге ықпал ететін білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі халықаралық ынтымақтастығының маңыздылығына ерекше тоқталды.

Саммит барысында жасанды интеллект, жаһандық өзгерістер дәуіріндегі білім беру, технологиялардың этикасы, тұрақты даму және инновациялар сынды өзекті тақырыптар талқыланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы саммитке белсенді қатысу арқылы Орталық Азияның жетекші университеттерінің бірі ретінде өзінің ұстанымын тағы да нығайтып, тұрақты даму идеяларын халықаралық деңгейде ілгерілету ісінде маңызды рөл атқарып келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі