
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы және өз атымнан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымын оқу орнының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Тоқсан жылдан астам уақыт қазақ ғылымының көшбасшысына айналған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалыптасу тарихы жетістіктер мен мақтаныштарға толы. Отандық ғылымның көшін алға сүйреген бұл шаңырақ Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар әлемдік білім кеңістігінде өзіндік орны қалыптасқан іргелі оқу ордасы. Өйткені осыдан 90 жыл бұрын бой көтерген ұлттық университет еліміздің экономикасын, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өмірін дамытуға ықпал ететін мыңдаған білікті кадрлар шоғырын дайындады.
Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне еліміздегі іргелі білім ордасы әзірлеген білікті кадрлардың қосқан үлесі зор екені баршамызға мәлім. Бүгінде ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында да бұл шаңырақ озық инновацияны еркін меңгерген білімді жастар легін көбейту жолында аянбай еңбек етуде. Студенттер мен ғалымдар үшін жаңа көкжиектерге жол ашатын ғылыми зерттеулер мен инновациялық бағдарламаларды дамытуда қара шаңырақ ҚазҰУ ұжымы үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы ғылымның биік белеске өрлеуі мен жас зерттеушілердің өзекті мәселелермен түбегейлі шұғылдануына жан-жақты қолдау көрсететін университеттің жүйелі жұмысы отандық білімді әлемдік аренада мақтанышпен танытатын нағыз білікті кадрлардың қайнар көзіне айналды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Қансейітұлының басшылығымен және ұжымының адал еңбегінің арқасында университет әлемнің озық елдері арасында ойып тұрып орын алып, білім мен ғылымның тірегі болып келеді.
Оқу ордасын атаулы мерейтойымен құттықтап, университеттің одан әрі өркендеуіне, жаңа ғылыми жаңалықтар мен игі бастамаларыңыздың сәтті жүзеге асуына тілек білдіремін.
Болат ТІЛЕП,
«Абай атындағы ҚазҰПУ» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор
Басқа жаңалықтар

