Қытайтану кафедрасында Қытайдың Шыңжаңдағы саясаты туралы монографияның тұсаукесері өтті

10 желтоқсан, 2024

2024 жылдың 10 желтоқсан күні Қытайтану кафедрасының профессоры Нәбижан Мұқаметханұлы ғылыми семинар өткізді. Семинар ҚР Ғылым және Жоғарғы білім министрлігінің «Қытай коммунистік партиясы азсанды ұлттар саясатының Шыңжаңда атқарылуы: тарихы, бүгіні және келешегі» атты гранттық қаржыландыру жобасы бойынша әзірленген монографияны таныстыру аясында өрбіді. Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұсынған жобаның нәтижесінде «Қытай компартиясының Шыңжаңдағы ұлттық саясаты» деген атпен шыққан монографияның авторлары Дүкен Мәсімханұлы мен Нәбижан Мұқаметханұлы. Семинарға Қытайтану кафедрасының оқытушылары, докторанттары мен магистранттары қатысты. Авторлардың біреуі «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұқаметханұлы монографияның жазылу тарихымен, идеясымен, барысымен кеңінен таныстырып өтті.

Тарихи-мәдени тұрғыдан да, саяси-экономикалық тұрғыдан да Шыңжаң өлкесінің Орта Азия елдері үшін, оның ішінде Қазақстан үшін маңызы айрықша. Оның үстіне соңғы жылдары бұл өлкенің геосаяси және геоэкономикалық мәні мен рөлі күрт артып келеді. Осы тұрғыдан келгенде, ҚКП-ның Шыңжаңдағы саясатын зерттеп-зерделеп, сараптап отыру Қазақстан мен Қытай арасындағы сан-салалы қатынасын ақаусыз дамытуға өзекті түйін екені даусыз.

Тақырып қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды. Соңынан көптеген сұрақтар қойылып, профессор Мұқаметханұлы сұрақтарға жан-жақты да тыңғылықты жауап берді.