Су шаруашылығы мамандарын даярлау

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Хуанхэ су шаруашылығы техникалық институтының делегациясы жұмыс сапарымен келіп, университет басшылығымен өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Қонақтарды қарсы алған Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Қытай жоғары оқу орындарымен стратегиялық ынтымақтастығы жайлы хабардар етті. Қол қойылған келісімдер шеңберінде академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2023/24 оқу жылында бір оқытушы, бес докторант, 10 магистрант, 66 бакалавриат студенті ҚХР жоғары оқу орындарына іссапарға жіберілді. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚазҰУ-ға дәріс оқуға екі Қытай профессоры тартылды. Бүгінгі күнде университетте ҚХР-дан келген 869 студент білім алуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университеті (СБПУ) филиалының ашылуы да маңызды оқиғалардың бірі болды. Бүгінде СБПУ-мен бірлескен «5G/5.5G коммуникациялық технологиялар» зертханасы құрылып, табысты жұмыс істеуде.
«Үкіметаралық келісім негізінде біз жақында суперкомпьютер алдық. Қазір Қытайдан келген мамандар іске қосу, реттеу жұмыстарын жүргізуде. Университет басшылығы атынан сапарыңыз үшін алғыс білдіремін. Біздің ынтымақтастық байланысымыз табысты жалғасады деп сенемін», – деді Еркін Ерманұлы.
Өз кезегінде Хуанхэ техникалық су шаруашылығы институтының (YRCTI) проректоры Чжоу Чжици Хэнань провинциясының Кайфэн қаласында орналасқан университеттің қызметіне тоқталды. Соңғы үш жылда институт студенттері кәсіби шеберлік байқауларында 780-ден астам марапаттарға ие болды. Тоқсан жылдан астам уақыт ішінде институт техникалық кадрларды даярлау мен инновациялық қызмет көрсетуге негізделген білім беру философиясының арқасында кең танымал болды. Жиын аясында Чжоу Чжици академиялық алмасу саласында серіктестік құру, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылауды ұсынып, ҚазҰУ ұжымын Хуанхэ институтына шақырды.
Тараптар байланыс орнату және ғылыми-білім беру саласындағы бірлескен бастамаларды әзірлеу туралы уағдаластыққа келді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

