Франция университеттерімен байланыс артадыFarabi University

Франция университеттерімен байланыс артады

10 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы Ректор Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Франция университеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мен дамыту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында құрметті елшіге ҚазҰУ қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Жансейіт Түймебаев жоғары оқу орнының Франция университеттерімен әріптестік серіктестігі туралы да айтты.

«ҚазҰУ бүгінгі таңда Францияның 23 университеті және ұйымдарымен қарым-қатынас орнатты. Қол қойылған келісім шеңберінде академиялық ұтқырлық және ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осы орайда, Лотарингия университетімен «Механика және энергетика», «Мұнай-газ ісі» қосдипломды бағдарламаларын енгізу бойынша табысты ынтымақтастықты ерекше атап өткім келеді. Бұл бағдарламалар студенттерге механика мен энергетика саласындағы теориялық және тәжірибелік білім алуға мүмкіндік береді. 2023/24 оқу жылында 21 ОПҚ және 36 білім алушы ғылыми жобаларды жүзеге асыру мақсатында Франция ЖОО-ларына арнайы барды», – деді ҚазҰУ ректоры.

Өз кезегінде Франция елшісі Сильван Гиоге елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, ғылыми-білім беру саласындағы өзара байланысты нығайтуға дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті арттыруға бағытталған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып,  жұмыс жоспарын пысықтады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі