Үздік студенттерге POSCO стипендиясы табысталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үздік студенттерге POSCO стипендиясы салтанатты түрде табысталды.
POSCO стипендиялық бағдарламасының негізгі мақсаты – шәкіртақылар, гранттар және қаржылық көмек арқылы ғылым, мәдениет және білім беру саласында оқитын азиялық студенттерге қолдау көрсету. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен POSCO қоры арасындағы университет студенттеріне стипендия тағайындау туралы келісімге 2007 жылы қол қойылған. Содан бері университет POSCO бағдарламасына белсенді қатысып, студенттерге оқуға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.
2024 жылдың қыркүйегінде POSCO бағдарламасына қатысуға ҚазҰУ-дың 50 студенті өтінім берді. Оның ішінде 15 үміткер Қазақстандағы POSCO бағдарламасының бас директоры Бен Вук Пакпен сұхбатқа шақырылды. Нәтижесінде Экономика және бизнес жоғары мектебі, халықаралық қатынастар, шығыстану және филология факультеттерінің 10 студенті таңдалды. Олар 800 доллардан бір реттік стипендия алды.
Бағдарлама жеңімпаздарын құттықтап, оларға шәкіртақыны ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов табыс етті. «POSCO стипендиясы – тек қаржылық қолдау емес, күш-жігер мен білімге және алға қойған мақсатқа жетуге деген ұмтылыстың белгісі. Бұл академиялық қызметте де, қоғамдық өмірде де кемелдікке ұмтылуды білдіреді. Сіздер жоғары академиялық нәтижелерді көрсетіп қана қоймай, біздің университеттің, дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің елшісі бола білдіңіздер. Сіздердің еңбектеріңіз жеке жетістіктеріңіз ғана емес, болашақ үшін елдеріміз арасындағы достық пен өзара түсіністікті дамытуға қосқан үлестеріңіз», – деп Еркін Ерманұлы POSCO компаниясының қолдауына алғыс білдірді.
Жеңімпаздарды Қазақстандағы POSCO бағдарламасының бас директоры Бен Вук Пак та құттықтап, ҚазҰУ-мен жоғары білікті мамандарды даярлауды ғана емес, сонымен қатар қоғам дамуының, елдер арасындағы мәдени және білім алмасудың белсенді қатысушыларын даярлау мақсатындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі