ҚазҰУ – QS Sustainability рейтингінде көшбасшы

10 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орнықты даму мақсаттары саласындағы жетістіктері бойынша әлемнің үздік 500 университетінің қатарына енген жалғыз жоғары оқу орны болып қала отырып, Қазақстанның жетекші университеті мәртебесін тағы да растады.

QS Sustainability халықаралық рейтингінде ҚазҰУ қазақстандық жоғары оқу орындары арасында әдіснаманың тоғыз негізгі индикаторының жетеуі бойынша ең жоғары нәтижелерді көрсетті: басқару моделі (10%), тең жағдай жасау (10%), білім алмасу (10%), түлектердің жұмысқа орналасуы (10%), денсаулық және әл-ауқат (5%), қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму (20%), қоршаған ортаны қорғау саласындағы зерттеулер (25%). ҚазҰУ «Басқару моделі» (231-орын) және «Білім алмасу» (269-орын) индикаторлары бойынша ерекше жоғары орынға ие болды. Бұл жетістік университеттің БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретіндегі белсенді қызметінің арқасында мүмкін болды. ҚазҰУ БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі жаһандық хабының рөлін атқара отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, жасыл технологияларды ілгерілетуге және жаһандық сын-қатерлерді шешуге қабілетті болашақ көшбасшыларды қалыптастыруға бағытталған экологиялық, әлеуметтік және білім беру бастамаларын белсенді іске асырады.

Университеттің тұрақты даму саласындағы көпжылдық жүйелі жұмысы, жоғары ғылыми-білім беру әлеуеті және университеттің инновациялық жобалары оның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін және қазіргі әлемнің жаһандық трендтеріне қосқан үлесін растайды.

ҚазҰУ ұжымын лайықты жетістіктерімен құттықтаймыз және жаһандық деңгейде орнықты дамуды ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз!

Рейтинг қорытындыларымен сілтеме бойынша танысуға болады:https://www.topuniversities.com/sustainability-rankings?region=Asia&countries=kz&order_by=asc

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі