ҚазҰУ ректоры Моңғолия елшісімен кездестіFarabi University

ҚазҰУ ректоры Моңғолия елшісімен кездесті

11 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Дорж Баярхуумен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту мәселелерін талқылады.

Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты қарсы ала отырып,  Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынас орнағаннан бері түрлі бағытта серіктестік тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ректор ғылым мен жоғары білім беру саласында Моңғолия ЖОО-ларымен әріптестік байланысты жалғастыруға ниет білдірді.

Университет басшысы болашақта бірлесіп алтайтану бойынша халықаралық конференция өткізуді және Моңғолия ғалымдарын тәжірибе алмасу үшін аталған іс-шараға қатысуға шақырды. 

Елші өз кезегінде ҚазҰУ-да жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

«Моңғолия бауырлас Қазақстанмен, оның ішінде ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Екі елдің тарихы және мәдениеті ұқсас,  сондықтан біз бір-бірімізге жақынбыз», – деді құрметті қонақ.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыттар бойынша серіктестікті дамытуға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі