Қазақстан мен Моңғолия ынтымақтастығы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстан мен Моңғолия ынтымақтастығының қазіргі кезеңі және келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхуу, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі және оқытушы-ғалымдар мен білім алушы жастар қатысты.
Ғылыми жиынды ашқан ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев: «Халықаралық байланыста біздің ел үшін Моңғолияның орны ерекше. Екі ел арасында экономика, мәдениет, тарих, білім, ғылым және басқа да салаларда қарым-қатынас қарқынды дамуда. Бүгінде университетімізде Моңғолиядан келген 167 студент білім алады. Жақында ғана Мемлекет басшысы Моңғолияға арнайы сапармен барып, көптеген маңызды келісімдерге қол қойылды. Бұл орайда, ғылыми қауымдастықты бірлесе атқаратын көптеген жұмыстар күтіп тұр», – деді ректор.
Өз кезегінде Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхуу: «Қазақтар мен моңғолдар арасында тарихи, мәдени, этникалық және тұрмыстық ұқсастықтар бар. Бұл ұқсастықтар екі халықтың ғасырлар бойы жақын өмір сүріп, бір-біріне ықпал етуінің нәтижесі болып табылады. Сондықтан да біздің өзара ынтымақтастығымыз арта беретініне сенімім мол», – деді елші.
«Бүгінгі шара екі елдің зерттеушілері мен ғалымдарын, студенттерін және арадағы байланыстарды терең зерттеуге мүдделі барлық адамдарды біріктірген маңызды оқиға. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тарихи, мәдени және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні анық. Қос ел ынтымақтастығы өзара құрмет пен қолдау рухында ұдайы нығайып келеді. Елдеріміз арасында сенімді және сындарлы диалог жолға қойылған», – деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Сондай-ақ ғылыми жиынға қатысқан басқа да ғалымдар «Университет ғалымдарының Моңғолиядағы археологиялық және этнографиялық зерттеулері: нәтижесі мен болашағы» және «Қазақ-моңғол этнографиялық зерттеулері» тақырыптарында баяндама жасап, қатысушылар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланыстардың жаңа бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

