
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ғалым, ардагер оқытушы, тарих ғылымының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаеваны 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев университеттегі табанды еңбегі үшін және білікті тарихшыларды тәрбиелеп, жоғары білім сапасын арттыруға өлшеусіз үлес қосқаны үшін құрметті профессорға алғысын жеткізді.
«Сіз бұл белеске білікті тарихшы маман, өнегелі ғалым-ұстаз ретінде үлкен жетістіктермен көтерілдіңіз. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың тарих факультетін үздік бітіріп, үлкен ғылым жолына түстіңіз. Бүгінде университеттің профессоры ретінде мол тәжірибеңізді жастарға үйретіп, ауқымды ғылыми жобаларды іске асырып отырсыз. Ұлт тарихын жаңа бағытта зерделеп, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын шығардыңыз. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын терең зерттеп, мазмұнды монографиялар жаздыңыз. Сіздің мектебіңізден тәлім алған ізбасар шәкірттеріңіз Қазақстанмен қатар, шетелдерде жемісті еңбек етіп жүр», – деді ректор.
Өз кезегінде Гүлжауһар Көкебаева ілтипат білдіргені үшін білім ордасының басшылығына ризашылығын жеткізіп, білікті тарихшыларды даярлау бойынша университетте жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

