Қазақ магистранттары Стамбұл техникалық университетінде

15 желтоқсан, 2024

2024 жылғы 22 қараша мен 5 желтоқсан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің метеорология және гидрология кафедрасының магистранттары Түркияның Стамбұл техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Бұл тағылымдама болашақ мамандардың біліктілігін арттыру және метеорология мен климатология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Тағылымдама барысында қатысушылар климатологияның өзекті мәселелеріне арналған ғылыми семинарлар мен дәрістерге қатысты. Олардың ішінде климаттық өзгерістерді және олардың ауыл шаруашылығы, энергетика мен су ресурстарына әсерін зерттеу тақырыптары болды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, ауаның сапасын талдау және заманауи климаттық модельдер негізінде болжау әдістеріне ерекше назар аударылды.

Бағдарлама аясында магистранттар геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) және Жерді қашықтықтан зондтау технологияларымен танысып, кеңістіктік деректерді талдау және өңдеу әдістерін меңгерді. Сонымен қатар RStudio бағдарламалық жасақтамасын пайдаланып, ауаның ластануы туралы деректерді талдау бойынша жеке сессия өткізілді. Бұл дағдылар климат пен қоршаған ортаны зерттеудің қазіргі заманғы әдістерінің негізін құрайды.

Тағылымдама түрік ғалымдары Хусейн Оздемир және Озкан Чапраздың жетекшілігімен өтті. Олар климаттық модельдеу және климаттық тәуекелдерді бағалау саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға заманауи бағдарламалық жасақтамамен және ғылыми құралдармен жұмыс істеудің бірегей мүмкіндігін ұсынды.

Стамбұлда алынған тәжірибе магистранттардың әрі қарайғы ғылыми зерттеулеріне, соның ішінде диссертациялық жұмыстарына негіз болады. Тағылымдамаға қатысушылар бағдарламаның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, мазмұнының қанық екенін және түрік әріптестерінің жылы қабылдауын ерекше атап өтті.

Халықаралық тағылымдамалар студенттердің кәсіби өсуіне ғана емес, елдер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға да ықпал етеді. Стамбұл техникалық университеті білім мен идеялар алмасу алаңына айналды, бұл болашақта сөзсіз өз жемісін береді.