Қазақстан мен Иран: Ғылыми ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі

17 желтоқсан, 2024

2024 жылдың 27 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында «ТДМ 4. Сапалы білім» аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Зубайда Шадкам және ғылыми қызметкер PhD Тұяқбаев Өмір Оразұлы Тегеран қаласына (Иран Ислам Республикасы) іссапармен барып, маңызды ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Иранның ең беделді әрі ірі жоғары оқу орындарының бірі болып саналатын Алламе Табатабаи университетінде (АТУ) «Наурыз мәдени аймағы мен Иберо-Американ әлемі ғалымдары арасындағы алғашқы ғылыми диалог» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Бұл конференцияға Әзірбайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Қазақстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен ғалымдар қатысты. Профессор З. Шадкам «Қазақстан халқының бірлігі мен тұтастығында Наурыз мерекесінің орны» тақырыбында баяндама жасады.

Конференция барысында АТУ-дың ғылым жөніндегі проректоры М. Тишеяр ханым қазақ-ирани ғылыми байланыстарды тереңдетуге қызығушылық танытып, университет ғалымдары мен ресурстарын бірлесе пайдалану арқылы ортақ ғылыми зерттеулер жүргізуге ынталы екенін атап өтті.

14.12.2024
Қайранбаева Н.Н.