«УНИВЕРСИТЕТ-КӘСІПОРЫН» ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ МОДЕЛІ
Қазіргі жағдайда жоғары оқу орындарының негізгі міндеті тек жаңа буын мамандарын дайындау ғана емес, сонымен қатар жұмыс істеп жүрген мамандарға білім беру қызметтерін ұсыну болып табылады. Мұндай қызметтер біліктілікті арттыру курстары, семинарлар, тренингтер және шеберлік сабақтары түрінде жүзеге асырылады. Химия және химиялық технология факультетінің физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасы бұл бағытта бірнеше бағдарламаларды жүзеге асыруда. Олардың қатарында мұнай өндіру және мұнай өңдеу саласының мамандарына арналған курстар, ЖОО оқытушыларына арналған «Қысқы мектеп» аясындағы семинарлар мен тренингтер және басқа да шаралар бар.
Тұрақты дамуды қамтамасыз етудің тиімді тәсілдерінің бірі ретінде «Сапалы білім» бағыты (ТМД 4.3.3 – Кәсіби оқыту іс-шаралары) және «Тұрақты даму мақсаттары үшін серіктестік» бағыты (ТМД 17.2 – Тұрақты даму мақсаттарын қолдау үшін өзара қарым-қатынастар) аясында ағымдағы аптада кафедра меңгерушісі Е.А. Аубакировтың басшылығымен, кафедра оқытушылары С.М. Наренова мен Қ. Тоштай мұнай компаниясы «Куатамлонмунай» қызметкерлеріне арналған «Мұнай және мұнай өнімдерін талдау әдістері. Мұнайдың химиялық талдауы» атты біліктілікті арттыру курсын өткізді. Тыңдаушылар заманауи физика-химиялық талдау әдістерімен танысып қана қоймай, «Мұнай химиясы» ғылыми-зерттеу зертханасының базасында мұнай химиясы саласындағы заманауи ғылыми жетістіктерді зерттеу мүмкіндігіне ие болды.
Физикалық химия, катализ және
мұнайхимия кафедрасының доценті Тоштай Қ.