Гренобль-Альпі университетімен келісім

23 желтоқсан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов Гренобль-Альпі университетінің (UGA) өкілдерімен кездесті. Жүздесуде тараптар екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары мен қос диплом және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу тақырыбын талқылады. Аталған бастама халықаралық академиялық байланыстарды нығайту мен мамандарды даярлау сапасын жақсартудағы маңызды қадам болмақ.

Гренобль-Альпі университеті (UGA) өкілдерінің ҚазҰУ-ға ресми сапары Қазақстан мен Франция президенттері арасындағы сейсмология саласындағы мамандарды бірлесіп даярлау туралы келіссөздерде қол жеткізілген екіжақты уағдаластық шеңберінде жүзеге асырылады.

Француз тарапынан делегацияны ҚазҰУ-дың «Геоэнергетика» орталығының директоры Агнес Буссе, UGA ғылым факультетінің халықаралық байланыстар жөніндегі директоры, геология ғылымының профессоры Паскаль Ийгу, жер қыртысы және геодинамика жөніндегі профессор Кристиан Сю таныстырды.

Сапар аясында сейсмология саласындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын талқылау мақсатында ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің Картография және геоинформатика кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесу жоспарланған. Сондай-ақ «Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциясына бару және ғылыми мекемелердің өкілдерімен кездесу де қарастырылған.

Сапардың басты оқиғасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Гренобль-Альпі университеті арасында академиялық ұтқырлық туралы шартқа қол қою болды. Бұл келісім академиялық тәжірибені өзара байытуға және мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал ететін оқытушы мен студент алмасуға жаңа мол мүмкіндік береді.

Бұл сапар университеттер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету және геология саласындағы жаңа бірлескен жобаларды әзірлеуге негіз болады деп күтілуде.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі