ҚазҰУ ғалымдары ведомстволық наградалармен марапатталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы аясында білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы ведомстволық наградалармен марапатталды.
Марапаттау салтанатында сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев: «Жыл сайын біздің оқытушы-профессорларымыз әртүрлі мемлекеттік марапаттарды иеленеді. Бүгінгі награда да біздің ғалымдарымыздың ғылым, білім саласындағы жоғары жетістігінің көрсеткіші. Біз білікті ғалымдарымызбен мақтанамыз», – деді. Университет басшысы барша марапат иегерлерін құттықтап, ғылым жолында табысты болуларына тілектестігін білдірді.
ҚазҰУ оқытушыларына арнайы наградаларды ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаева табыс етті.
Еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасын жеті ғалым иеленді. Білім берумен қатар, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі зор үлесі үшін білім ордасының сегіз оқытушысына «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталды. Бір салада 40 жылдан астам уақыт қажымай еңбек еткен тоғыз оқытушы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, 13 ғалым «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Осылайша университетіміздің 37 оқытушы-ғалымы әртүрлі жоғары наградаларды иеленіп, ғылым мен білімнің қарқынды дамуындағы айрықша үлестерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Барша университет ғалымдарын жоғары марапаттарымен құттықтаймыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі