ҚазҰУ студенті Дүниежүзілік қысқы универсиадада Қазақстан туын алып шығады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Аяулым Әміренова Дүниежүзілік қысқы универсиаданың ашылу салтанатында Мемлекеттік туды алып шығады. Ол 13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында өтетін спорттық бәсекеде спорттың фристайл түрінен ел намысын қорғайды.
Аяулым Әміренова – медицина және денсаулық сақтау факультетінің 1-курс докторанты, фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Жас спортшының қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі олимпиада ойындарына қатысқан.
Қазақстан құрамасы 10 жарыс түрі бойынша медаль үшін күресетін 103 спортшыдан тұрады: биатлон, шаңғы жарысы, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, мәнерлеп сырғанау, хоккей (ерлер мен әйелдер), парашаңғы жарысы, тау шаңғы спорты және шорт-трек.
2025 жылғы XXXII қысқы универсиада әлемдегі ең ауқымды студенттік спорттық ареналардың бірі болмақ. Әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде, олар 11 спорт түрінен 96 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Ел намысын қорғайтын спортшымызға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы атынан сәттілік тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі