- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ қызметкерлері Гонконг политехникалық университетінің (PolyU) қысқы мектебіне қатысуда
ҚазҰУ қызметкерлері Гонконг политехникалық университетінің (PolyU) қысқы мектебіне қатысуда
Бүгінгі таңда қонақжайлылық индустриясында цифрлық трансформация табысқа жетудің шешуші факторына айналып отыр. Сондықтан мамандар инновацияларға жедел әрекет етіп қана қоймай, саланың дамуына өзіндік тәсілдер қалыптастыруға да ұмтылуы керек. Осы мақсатта география және табиғатты пайдалану факультетінің рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Нұрұлы Елдар және ҚазҰУ-дың «Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану» ғылыми орталығының кіші ғылыми қызметкері Шырынтай Әмина Жандосқызы Гонконг политехникалық университетінің (PolyU) жанындағы беделді «2025 Hong Kong PolyU Winter School®» қысқы мектебінде білім алуда. Аталмыш бағдарламаны Гонконг қонақ үй және туристік менеджмент мектебі (SHTM) Гонконг қонақ үйлер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды. Сондай-ақ PolyU университеті өзінің жоғары академиялық деңгейін айқындайтын QS WUR 2025 рейтингінде 57-ші орында және QS WUR Ranking By Subject 2024 көрсеткіші бойынша “Hospitality & Leisure Management” бағытында 11-ші орында тұр.
Қысқы мектеп 2025 жылдың 7-11 қаңтар аралығында өтеді және бес біркүндік модульден тұрады. Әрбір модуль қонақжайлылық саласын цифрландыру мен басқарудағы озық тәсілдерді қамтиды. Тыңдаушылар қонақжайлылық индустриясына жасанды интеллект, блокчейн және цифрлық трансформацияның теориясы мен практикасын тиімді енгізу жолдарын үйренеді. Сондай-ақ олар цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, таланттарды тарту мен дамытуға бағытталған заманауи HR-практикаларды меңгереді, қонақ үй бизнесінде жасанды интеллектіні қолдану дағдыларын жетілдіреді, әлеуметтік медиа арқылы клиенттердің көңіл-күйін сараптайды әрі туризм мен қонақжайлылық саласындағы бәсекеге қабілеттілікті бағалау үшін Big Data құралдарымен жұмыс істеуді тәжірибеден өткізеді.
Әрбір модульдің құны 550 АҚШ долларын құрайды (толық курс – 3000 доллар), дегенмен ҚазҰУ өкілдеріне PolyU тарапынан тегін білім алу мүмкіндігі берілді. Бұл оқыту университет қызметкерлерінің кәсіби өсуіне жол ашып қана қоймай, сонымен қатар Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ), әсіресе №4 «Сапалы білім» және №9 «Инновациялар мен инфрақұрылым» мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосады. Осы арқылы қонақжайлылық индустриясының әлеуметтік жауапты және технологиялық тұрғыда жетілдірілген негіздері нығая түседі.
Осылайша, ҚазҰУ қызметкерлерінің PolyU-дың қысқы мектебіне қатысуы олардың жеке кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, еліміздегі туристік секторды инновациялық әрі тұрақты дамуға бағыттау мақсатындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларына мықты негіз қалайды.