
Біз 1966 жылы ол кезде КазГУ деп аталатын университеттің журналистика факультетінің табалдырығын аттадық. Деканымыз Тауман Амандосов болатын. Ұстаздарымыз Зейнолла Қабдолов, Мырзатай Жолдасбеков және тағы басқа танымал ғалымдардан білім алдық. Әлі күнге дейін алғашқы жылдардағы дәрістерімізді, әсіресе ұстаздардың ұстазы болған Зейнолла Қабдоловтан алған дәрісімізді ұмыта қойған жоқпыз. Есімізден шықпайды. Сөйтіп, оқу ордасы қабырғасындағы төрт жылымыз төрт күндей зырылдап өте шықты. Содан бері ҚазҰУ десе, елең ете қалатын түлектерге айналдық.
Содан бері талай жыл өтті, қара шаңырақ оқу ордасының мекені де өзгерді. Біз оқып жүргенде университет ғимараты Панфилов пен Хиуа көшелерінің қиылысында еді. Оқу ордасы мекенінің өзгеруіне байланысты оның мәртебесі де, мүмкіндігі де, абыройы да өсіп, асқақтады. Білім алып жатқан студенттердің де, оларға дәріс беріп жүрген ұстаздардың да қатары, легі молайды. Қазір мемлекет ішіндегі мемлекет, қала ішіндегі қала сияқты Алматыға көрік беріп тұр. Бүгінде көшбасшы оқу ордасын елімізге танымал мемлекет қайраткері Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев басқарады. Жансейіт Қансейітұлы университет тізгінін қолға алғалы білім ошағы әлемдегі алдыңғы қатарлы университетке айналды. Өзіміз де осындай көшбасшы қара шаңырақта білім алғанымызды мақтан тұтамыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу-ағарту майданында жетекші орында қала беретініне кәміл сенімдіміз. Қара шаңырақтың 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! Сіздерге зор шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін!
Смағұл ЕЛУБАЙ,
жазушы, кинодраматург
Басқа жаңалықтар


