ҚазҰУ студенттері экоакцияға қатыстыFarabi University

ҚазҰУ студенттері экоакцияға қатысты

21 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенттері Алматы қаласының экохабымен бірлесіп тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында маңызды әлеуметтік іс-шара өткізді.

ҚазҰУ еріктілері шараға «Мейірім» оңалту орталығының ерекше балаларын тартты. Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы кафедрасының оқытушысы Сандуғаш Дарханқызы бастаған белсенділер тобы Алматы қаласының экохабында болып, қоқысты сұрыптауға қатысты, оны қайта өңдеу технологиясымен танысты.

Акцияға қатысушылар экологияны қалай сақтау жөнінде және қалдықтарды қайта өңдеу жұмысының тұрақты даму мақсаттарына қалай ықпал ететіні туралы көптеген пайдалы ақпараттан хабардар болды. Олар жоғары тиімділігі бар және экологияға оң әсер беретін заманауи қайта өңдеу құрал-жабдықтары мен машиналарын көрді.

«Экохаб» жобасы – Евгений Мұхамеджанов басқаратын қала экобелсенділерінің жаңа бастамасы. Айта кетерлігі, Алматыда пластикалық ыдыстарды, сусабын құтыларын, шыны бөтелкелер және т.б. заттарды қоқыс жинайтын бірнеше орында қабылдайды. Арнайы жабдықтың көмегімен қалдықтардан түрлі кәдесыйлар – хош иісті шамшырақтар, ыстық заттарды қоятын арнайы төсеніштер, «Алма» символы түріндегі қабырға сағаттары  сияқты заттар дайындалады. Жобаның мақсаты – қоқысты міндетті түрде бөлу мәдениеті мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі