ҚазҰУ қызметкері қысқы Универсиаданы ұйымдастыруға қатысудаFarabi University

ҚазҰУ қызметкері қысқы Универсиаданы ұйымдастыруға қатысуда

21 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының аға оқытушысы, PhD Гүлбарам Құлахметова   Италияның Турин қаласында өтіп жатқан XXXII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы ұйымдастыруға қатысуда.

Әлемнің  57 елінен келген 2000-нан астам қатысушы биатлон, шайбалы хоккей, тау шаңғысы және мәнерлеп сырғанау сияқты 11 спорт түрі бойынша жарысуда. Гүлбарам Амантайқызының осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға қатысуы ҚазҰУ-дың жаһандық білім беру кеңістігіндегі маңыздылығын ғана емес, халықаралық диалог пен ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін де көрсетеді.

Гүлбарам Амантайқызы Халықаралық университеттік спорт федерациясы (FISU) Халықаралық бақылау комитеті (CIC) мүшесінің жауапты және құрметті қызметін атқарады. Ол өз қызметі аясында XXXII қысқы Универсиаданың маңызды аспектілерін үйлестіреді, соның ішінде рәсімдердің ашықтығын және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Халықаралық бақылау комитетінің негізгі міндеттерінің бірі – спортшылар мен лауазымды тұлғалардың Универсиадаға қатысу талаптарын орындауын тексеру және растау. Бұл жауапкершілік пен сенім Гүлбарам Амантайқызының халықаралық спорт қауымдастығында бағаланатын жоғары кәсіби шеберлігін, терең білімі мен тәжірибесін көрсетеді. Оның Универсиаданы ұйымдастыруға қосқан үлесі Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын нығайтып қана қоймай, студенттік спорттағы халықаралық стандарттарды енгізуге де мүмкіндік береді.

Мұндай шараларды ұйымдастыру Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) тығыз байланысты екенін ерекше атап өткен жөн. Қысқы Универсиада денсаулықты сақтау және нығайту (ТДМ 3), мақсаттарға жету үшін серіктестікті дамыту (ТДМ 17) сияқты бағыттарды дамытуға ықпал етеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі