Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ BETT 2025 көрмесіне қатысуда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ұлыбританияның Лондон қаласының ExCel орталығында өтіп жатқан BETT 2025 – білім беру технологиялары секторына арналған халықаралық көрмеге қатысуда.
Аталмыш көрмеге ҚазҰУ соңғы жетістіктері мен инновациялық жобаларын ұсынуда. Олар: Faraby суперкомпьютер орталығы, Farabi Robotics – Орталық Азиядағы бірінші өнеркәсіптік робототехника және құзыреттілік орталығы, университеттің АТ-инфрақұрылымы, жаппай ашық онлайн курстарды (ЖАОК) жазу студиясы, виртуалды зертханалық жұмыстар. Білім ордасы одан бөлек, «Виртуалды шынайылылықты пайдалана отырып, мұнай-газ саласында модельдеуді оқыту», «Гибридті интеллектуалды роботтық жүйелерді құру мақсатында ымдау тілін тануға арналған терең оқыту моделі» және басқа да ғылыми жобаларды ұсынуда.
Faraby суперкомпьютер орталығында әлемдегі ең үздік 600 суперкомпьютер тізіміне кіретін ірі қондырғы орнатылған. Ол деректерді жасанды интеллект технологиялары, мұнай-газ саласы, энергетика, ауыл шаруашылығы, Жерді қашықтықтан зондтау, 3D модельдеу бойынша топтастырады. Ал Farabi Robotics мақсаты – өнеркәсіптік кәсіпорындарға қолданбалы тәжірибені оқшаулау, масштабтау және Индустрия 4.0 салаларында оқыту арқылы әлемдік деңгейдегі технологияларды игеруге көмектесу.
Университеттің заманауи АТ-инфрақұрылымы негізінде ҚазҰУ-дың ақпараттандыру стратегиясы, оқу процесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу, қаржы-экономикалық қызметі мен құжат айналымы автоматтандырылды.
Жаппай ашық онлайн курстарды жазу студиясында (ЖАОК) университеттің білім беру процесіне жаппай ашық онлайн курстарды әзірлеу және интеграциялау жүзеге асырылады.
«Гибридті интеллектуалды роботтық жүйелерді құру мақсатында ымдау тілін тануға арналған терең оқыту моделі» жобасының мақсаты – қимылдарды танудың дәлдігі мен тиімділігін арттыру.
Аталған жүйе MediaPipe және long-Short term Memory (LSTM) сияқты қайталанатын нейрондық желілерді пайдаланатын гибридті модельге негізделген. Жоба қазақ тілінің динамикалық қимылдарын нақты уақыт режимінде тану жүйесін әзірлеуге бағытталған.
BETT 2025 ауқымды халықаралық іс-шарасы жетекші сарапшылармен танысу, білім беру саласындағы жаңа ғылыми әзірлемелер, өзара тиімді келісімдер жасасу, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру бойынша университетке жаңа мол мүмкіндіктер бермек.
24 қаңтарға дейін жалғасатын көрме аясында EdTech ірі компаниялары қатысатын конференция мен форумдар өтеді деп жоспарлануда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі