ҚазҰУ Ұлыбритания ЖОО-ларымен әріптестікті арттырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ұлыбританияда өткен BETT 2025 халықаралық көрмесі аясында шетелдік студенттерге арналған барлық партиялық парламенттік топтың (APPG) қазынашысы, Web 3.0 бойынша APPG төрағасы, саясаткер Манзила Уддинмен кездесті.
Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев Манзила Уддинге ҚазҰУ туралы толық ақпарат беріп, университеттің шетелдік жоғары оқу орындарымен ғылыми-білім беру кеңістігінде мол тәжірибесі барын атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 27 мыңнан астам студент білім алады. Оның 4000-нан астамы шетелден келген. Бүгінде ҚазҰУ Ұлыбританияның 11 университетімен әріптестік байланыс орнатқан. 2024 жылы ҚазҰУ-дың бес студенті, алты докторанты және 15 оқытушысы Ұлыбритания университеттерінде өткен түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысып, тағылымдамадан өтті. Сондай-ақ 2021-2024 жылдары білім ордасына Ұлыбританияның сегіз ғалымы келіп, дәріс оқыды. Алдағы уақытта да Ұлыбритания ЖОО-ларымен ынтымақтастықты жандандыруды көздеп отырмыз», – деді ректор.
Өз кезегінде Манзила Уддин Ұлыбритания мен ҚазҰУ арасындағы серіктестікті арттыруда бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі