Түркия қонақүйлерінің топ-менеджерлері тәжірибе бөлісті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Рекреациялық география және туризм кафедрасының ұйымдастыруымен Түркияның беделді қонақүй желілерінің басшыларымен кездесу өтті.
Іс-шараға атақты түрік қонақүйлерінің топ-менеджерлері: Papillon Zeugma Luxury hotel Tuna Nural операциялық менеджері, Ethno Hotels және Adalya Hotels ішкі аудит бөлімінің бастығы Гюрбуз Пусатли, Titanic Hotels бас менеджері Сурея Ертугрул, география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушылары мен студенттер қатысты.
Түрік қонақүйлерінің менеджерлері басқару стратегиялары және жоғары деңгейлі қызметтерді ұсыну тәсілдері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар қонақжайлылық индустриясындағы негізгі үрдістерді, тұтынушыға қызмет көрсету сапасын арттыру әдістерін талқылады. Спикерлер жиналғандарға қонақүй бизнесіндегі инновациялық технологиялар, тұрақты даму және экологиялық бастамалар туралы айтып, халықаралық командаларды және мәдени әртүрлілікті басқару бағытында ақпарат берді.
Тәжірибе алмасу бойынша дәріс Тұрақты даму мақсаттарының №4 – «Сапалы білім», №8 – «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» бағыттарын іске асыру аясында өтті.
Сондай-ақ кездесу география және табиғатты пайдалану факультетінің түлектері мен студенттерінің жұмысқа орналасу пайызын арттыруға да бағытталған. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами капиталды дамытуға, білім беру сапасын арттыруға және инновацияларды қолдауға бағытталған жолдауының негізгі ережелерімен де үйлеседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі