Ғылыми журналистика бағыттары талдандыFarabi University

Ғылыми журналистика бағыттары талданды

25 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы «Qazscience: медиа этика және ғылыми журналистика» деген тақырыппен ғылыми-академиялық семинар өткізді.

Жиынға ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Алиханов, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай және университет ғалымдары мен білім алушы жастар қатысты. Жиынға спикер ретінде журналист, «Abai TV» телеарнасы «Сана» бағдарламасының жүргізушісі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың  қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков шақырылды.

Семинар жұмысын ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Алиханов ашты. Қуантар Дәуленұлы өз сөзінде бүгінгі қоғамдағы медиа этиканың маңызын айта келе, «этика ережелерін сақтау – еліміздің әр азаматының міндеті» деді.

Спикер Молдияр Ергебеков ғылыми журналистиканың маңызы, ғылым коммуникациясы, қоғамның ғылымды түсінуі, ғылымды насихаттайтын журналистердің  міндеті және өзге де салалық журналистиканың өзекті тақырыптарын кеңінен қамтып, презентация жасады. Ол өз сөзінде: «Қазіргі қоғамда ғылым мен технология экономикадан – саясатқа, әлеуметтік қатынастардан – мәдени әрекеттерге дейін адам өмірінің барлық саласына әсер етеді. Қарапайым адамдар мен ғалымдардың арасын жалғайтын ғылымның қалың бұқараға жетуін жеңілдететін – медиа, атап айтқанда:  кітап, газет-журналдар, танымдық фильмдер, радио және телевизия бағдарламалары, подкастар, онлайн медиа платформалары. Ғылымды қалың көпшілікке танымал ету – дамыған елдердің мемлекеттік саясатындағы және болашақтағы дамуындағы өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан да дамыған елдерде ғылыми журналистиканың маңызы зор», – деген ойын жеткізді.

Ғылыми-академиялық семинарда ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен қол жеткізген нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында (сұхбат, имидждік мақала т.б.) жариялау, сондай-ақ әлеуметтік желілерде пост жазу мәселелері талқыланды. Спикер тыңдаушылардың сұрағына жауап берді.

Семинар соңында Қуантар Дәленұлы Қ.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, ғалымдарды естелік медальдармен марапаттады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі