ҚазҰУ жер ресурстарын басқару жобасына қатысудаFarabi University

ҚазҰУ жер ресурстарын басқару жобасына қатысуда

28 қаңтар, 2025

Ферғана политехникалық университетінде (Өзбекстан) Эразмус+ CBHE Strand1 LESLIE-Land Management, Environment&SoLId-WastE: inside education and business in Central Asia («Жер ресурстарын басқару, қоршаған орта және қатты қалдықтар: Орталық Азиядағы білім және бизнес») жобасы бойынша семинар өтті.

Аталған жобаны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің қолдауымен Еуропалық одақтың үш елі (Испания, Италия, Кипр) және Орталық Азияның екі елі және басқа да 14 әріптес елдер бірлесе жүзеге асыруда.

Іс-шараға Қазақстан Республикасынан жобаның ұлттық үйлестірушісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жылу физикасы және техникалық физика кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Ж.Шортанбаева және ЮНЕСКО тұрақты даму кафедрасының аға оқытушысы Г.Мыңжанова қатысты.

Аталған шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы Орталық Азия елдерінде, атап айтқанда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының университеттерінде микробіліктілік пен электронды оқыту құралдарының жиынтығын әзірлеуге жауапты болды.

Жобаның нәтижелері қоршаған ортаны басқару жөніндегі халықаралық хаб құруға, 2030 жылға қарай университеттерде және жұмыс берушілер үшін тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін өзекті құзыреттерді айқындауға, жер және табиғи ресурстарды тұрақты басқару жөніндегі микроквалификацияларды әзірлеуге, бакалавриат пен магистратураның білім беру бағдарламаларына көмекші материалдар ретінде цифрлық құралдарды біріктіруге мүмкіндік береді.

Жиын барысында жобаның жұмысы бойынша міндеттердің орындалуы жайлы есеп тыңдалып, әзірлеуге жоспарланған онлайн-курстардың тақырыптары мен бағыттары айқындалды. Жұмыс жоспарына сәйкес, әр университеттің микроквалификацияларының нысандары мен мазмұны талқыланды және серіктес университеттермен ынтымақтастық перспективалары қаралды. Жобаның 2025 жылға арналған негізгі жұмыстарының орындалу кестесі бекітілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі