
Бүгін – 28 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жайы, алдағы уақытта орындалуы тиіс шаралар, негізгі міндеттері нақтыланды. Үкімет отырысында Мемлекет басшысы – Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық аймақтарға ерекше көңіл бөліп, «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» т.с.с. бағдарламаларды қолға алуы керектігін ескертті. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жаңғыртып, бизнесті қолдау қажет екенін айта келіп, ауылдарды жан-жақты дамытуға арналған шараларды бір бағдарламаға біріктіру керек екенін айтты. Ұлттың уызы сақталған ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық ауқаты жақсартып, инфрақұрылымын жетілдіру жастардың жоғары білім алған соң туған жеріне оралып, ауылдық жерлердің дамуына үлес қосуына негіз болары сөзсіз. «Ел болам» десең, бесігіңді түзе», – деп академик жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, ауылдың әл-ауқатын жақсарту елдің еңсесін тіктеп, қазақы болмысын сақтауға ықпал етеді. Сондықтан президенттің «Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек» деген сөзі әрдайым есте болуы қажет!
Мемлекет басшысының баяндамасында білім-ғылым саласы да сөз болды. Президент мектепке дейінгі салаларда, орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет екенін ескерте келіп: «Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті», − деп атап өтті. Осыған байланысты заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатқанын, үш жылда тағы 1300 мектеп жаңғыртылатынын ескерте келіп, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет екенін атап өтті.
Бүгінгі таңда ғылым жолына келген жастардың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлініп отыр. Магистрант, докторанттардың шәкіртақылары көбейіп, жас зерттеушілер жеңілдікпен пәтер алып жатыр. Ғылымға қамқорлықтың нәтижесінде жастар ғылыми зерттеулерге қызығушылық танытып, жас зерттеушілер қатары жыл сайын толығып келеді. Мемлекет басшысы мемлекет тарапынан ғылымға бөлінетін қаражат көлемі әлі де көбейетінін ескерте келіп, ол қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет екенін айтты. «Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек, – деп тұжырымдады өз сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізге білікті мамандар, елінің ертеңін ойлап, ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын, отаншыл азаматтар керек екенін ескертті. «Ерім» дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер қайдан шықсын?!» деген аталы сөзді еске алсақ, отаншыл жастарға, білім-ғылымға дұрыс көңіл бөлінген жағдайда ел қамын жеген азаматтардың қатары толыға түсері сөзсіз. Сондықтан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы сөз еткен маңызды мәселелер өз деңгейінде жүзеге асуына тілекшіміз әрі бәріміз де сол міндеттерді абыроймен атқаруға тиіспіз. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Басты мақсат — азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады, – деп сөзін тұжырымдаған еді. Бастама нәтижелі болып, еліміз өсіп-өркендей берсін!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымының докторы О.Жұбай
Басқа жаңалықтар

