ҚазҰУ мен «Қазселденқорғау» ғылыми әлеуетін біріктірдіFarabi University

ҚазҰУ мен «Қазселденқорғау» ғылыми әлеуетін біріктірді

29 қаңтар, 2025

Тұрақты даму мақсаттарының 4-ші және 17-ші бағыттарын іске асыру шеңберінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі ғылым, білім, практикалық қызмет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл құжат университет пен мемлекеттік орган арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтады, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы тиімділікті арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және озық технологияларды енгізуге бағытталған.

ҚазҰУ-ға сапары барысында «Қазселденқорғау» мекемесінің өкілдері университет мұражайымен танысып, география және табиғатты пайдалану факультетінде болды. Сондай-ақ қонақтар жетекші ғылыми зертханаларда, «Farabi HUB» инновациялық, Қазақстан-Қытай және суперкомпьютер орталықтарында болды.

Бұл келісім бірлескен ғылыми-білім беру қызметі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бірлескен зерттеулерді ұйымдастыру, тәжірибе және ғылыми әзірлемелермен алмасу болады. Сонымен қатар меморандум білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды, оқыту семинарларын, тренингтер мен біліктілікті арттыру курстарын өткізуді, сондай-ақ университет түлектерін жұмысқа орналастыруды қолдауды көздейді.

Меморандум аясында халықты қар көшкіні, сел және көшкін сияқты табиғи апаттардан қорғау үшін инновациялық технологияларды құруға бағытталған бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру жоспарлануда. Меморандум техникалық ақпарат алмасуды, бірегей жабдықтарды пайдалануды, магистранттар мен докторанттар үшін ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыруды, сондай-ақ студенттер үшін өндірістік және диплом алдындағы практиканы өткізуді қамтиды.    ҚазҰУ мен «Қазселденқорғау» ММ арасындағы ынтымақтастық озық әдістер мен технологияларды енгізуге, жоғары білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі