О-ДЕ-ФРАНС ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАЙДЫFarabi University

О-ДЕ-ФРАНС ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАЙДЫ

29 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Франциядағы О-Де-Франс политехникалық университетінің делеагациясы жұмыс сапарымен келді.

Делегация құрамында INSA Hauts-de-France директоры және UPHF президентінің халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесшісі Де Ла Бурдонне, «Геоэнергетика» орталығының директоры Агнес Буссе, INSA халықаралық бөлімінің директоры Морин Селин, халықаралық байланыс жобаларының қызметкері Сесиль Гарсон бар.

Құрметті меймандармен ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов кездесу өткізді.

Проректор делегация мүшелеріне ҚазҰУ-дың Франция жоғары оқу орындарымен, институттары және ұйымдарымен ғылыми-білім беру саласында бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

ҚазҰУ бүгінгі таңда Францияның 23 жоғары оқу орнымен ынтымақтасқан. Қол қойылған келісімдер шеңберінде белсенді академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2023-24 оқу жылында 21 оқытушы, 36 студент ғылыми тағылымдамадан өту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау мақсатында Франция университеттерінде болып қайтты.

Өз кезегінде Де Ла Бурдонне ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын жеткізіп, О-Де-Франс политехникалық университетінің негізгі қызметі жөнінде айтты.

Тараптар білім жетілдірудегі ұсыныстарды, академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жұмыстарды арттыру және жоғары білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі