ҚАЗҰУ МЕН SIEMENS ОРТАҚ ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРУДА
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ақпараттық технологиялар факультеті Siemens Industry Software-дің (SIEMENS) ресми серіктесі Cursor SRSS компаниясымен келісімшартқа қол қойды.
Ақпараттық технологиялар факультетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының Cursor SRSS компаниясымен әріптестік байланысы ҚР ҒЖБМ-ның «Жасанды интеллект және IIoT технологияларын қолдана отырып, тамақ өнеркәсібі кәсіпорнының цифрлық егізін әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын жүзеге асыруға бағытталған. Жоба жетекшісі – Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының аға оқытушысы Гүлшат Әмірханова.
Келісімшарт аясында қолданбалы индустриялық IT шешімдер саласындағы компетенция орталығын ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Орталықтың қызметі үшін SIEMENS заманауи бағдарламалық өнімдеріне академиялық лицензиялар сатып алынды. Атап айтқанда: Tecnomatix Manufacturing and Plant Simulation – өндірістік операцияларды жобалау және басқару, процестерді модельдеу және оңтайландыру, NX (CAD, CAM, CAE, all Add-Ops) – өнеркәсіптік АЖЖ саласының жетекші шешімі, Opcenter (APS, RD & I, EX CR, Execution and intelligence, Quality) – өндірістік процестерді басқару жүйесі (MES) және т.б.
Бұл бағдарламалық шешімдер цифрлық жобалау, өндірістік процестерді модельдеу, инженерлік талдау, өндірісті басқару, сапаны бақылау және күрделі физикалық құбылыстарды талдау сынды бірегей мүмкіндіктерді ұсынады.
Бағдарламалық жасақтаманы жобаға қатысатын Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының студенттері зерттей бастады. Болашақта кафедра ғалымдары озық SIEMENS бағдарламалық жасақтаманы механика-математика және физика-техникалық факультеттерінің студенттерімен және қызметкерлерімен бірге пайдалануды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, жоба қатысушылары Mendix платформасында халықаралық вендордың оқытуы мен сертификаттауынан өте бастады. Аталған платформа кез келген масштабта заманауи бизнес-қосымшаларды құруға, интеграциялауға, орналастыруға, басқаруға арналған Low Code жетекші платформа болып табылады. Mendix цифрлық ағындар мен цифрлық негіздерді пайдалана отырып, дербестендірілген, бірегей бизнес-шешімдерді жасауға мүмкіндік береді. Болашақта мамандар SIEMENS шешімдерімен жұмыс істеуге бизнес өкілдерін оқытуды мақсат тұтуда.
Жоба ҚазҰУ үшін жасанды интеллект, өнеркәсіпті автоматтандыру, өнеркәсіптік бизнес-қосымшаларды әзірлеу салаларында жоғары білікті мамандар даярлауда мол мүмкіндік береді. SIEMENS-тің озық технологияларын пайдалану университетке әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер жүргізуге және Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары үшін инновациялық шешімдер жасауға жол ашады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі