
2025 жылдың 31 қаңтарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің Корейтану бөлімінде корей тілі бойынша эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл іс-шара 2024 жылдың 4 желтоқсанында ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі және Кореядағы Сукмёнг әйелдер университетінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды.
ҚазҰУ мен Сукмёнг әйелдер университеті арасында ынтымақтастық аясында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда 2020 жылдан бастап, Корейтану бөлімінде Сукмёнг университетінің қолдауымен корей тілі бойынша онлайн-курс (E-School Course) өткізіліп келеді. Сонымен қатар, Сукмёнг университеті әр семестрде Корейтану бөлімінің екі студентіне грант ұсынып, оларды өз университетінде оқуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ кафедра оқытушыларының біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты семинарлар ұйымдастырылады. Өз кезегінде, Корейтану бөлімі жыл сайын Сукмёнг университетіне академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде студенттерді жіберуде және осы университеттен корей тілі бойынша тағылымдамашыларды да қабылдайды.
Аталмыш эссе байқауында бес студентіміз жеңімпаз атанып, сертификаттар мен сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсіміне корей тілі бойынша онлайн-курстарға жауапты профессор Ким Кёнрён (Сукмёнг әйелдер университеті) арнайы қатысып, жеңімпаздарға сертификаттар мен сыйлықтарды өзі табыстады. Рәсімнен кейін профессор Ким Кёнрёнмен корей тілі бойынша онлайн-курстың (E-School Course) дамуы мен жалғастырылуы мәселелері бойынша жиналыс өткізілді. Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық тек кафедра үшін ғана емес, студенттер үшін де маңызды рөл атқарады. Біз Сукмёнг әйелдер университетімен серіктестігіміздің одан әрі нығаюына үміттенеміз және байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймыз!
Басқа жаңалықтар

