Өзбекстандық педагогтар ҚазҰУ-да тағылымдамадан өтуде

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Үргеніш (Өзбекстан) мемлекеттік педагогикалық институты оқытушыларының біліктілігін арттыру курсы басталды.
Бағдарлама ҚазҰУ-дың Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының қолдауымен ұйымдастырылып, педагогтардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, олардың ғылыми құзыреттілігін дамытуға және білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған.
144 академиялық сағатқа есептелген курс заманауи оқыту әдістерін, білім беру процесін цифрландыруды және академиялық мекемелердегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруды қамтиды. Үргеніш мемлекеттік педагогикалық институтының 11 оқытушысы қатысатын бағдарлама 2025 жылғы 10 ақпаннан 10 наурызға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде олар заманауи педагогикалық технологияларды меңгеріп, қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасады.
Курс бағдарламасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Үргеніш мемлекеттік педагогикалық институты арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында әзірленді. Оқу барысында қатысушылар заманауи білім беру үрдістерімен танысып, цифрлық оқыту әдістерін зерттеп, студенттермен интерактивті қарым-қатынас жасауды үйреніп, білім беру процесін тиімді басқару стратегияларын әзірлейді. Оқытушылар цифрлық платформалармен, онлайн оқыту құралдарымен және интерактивті оқыту әдістерімен жұмыс істеу бойынша практикалық дағдыларды меңгереді. Бағдарлама аясында жетекші қазақстандық ғалымдар мен сарапшылардың дәрістері, практикалық сабақтар, шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізіледі.
Халықаралық педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының ұйымдастырылуы ҚазҰУ-дың білім беру бағдарламаларының жоғары сапасын және жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы белсенді рөлін тағы да дәлелдейді. Бұл курс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы академиялық әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам болып табылады және екі ел педагогтарының кәсіби дамуына ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім сапасын арттыру және оқыту процесіне инновациялық технологияларды енгізу стратегиясын жүзеге асыруды жалғастыруда, осылайша Орталық Азияның білім беру саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлауға өз үлесін қосуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

