Оңтүстіккореялық мамандармен цифрлық жобалар іске асадыFarabi University

Оңтүстіккореялық мамандармен цифрлық жобалар іске асады

25 ақпан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінде университеттің ғылыми орталықтар басшылары мен Defence Global корей холдингінің директоры Хонг Джинсунг Шонмен кездесуі өтті.

Сапар аясында компания өкілдері кластер құрамына кіретін Farabi Robotics, Ғарыштық технологиялар және Жерді қашықтан зондтау орталықтарының ғылыми-зерттеу қызметімен танысты.

Кездесуге ҚазҰУ-дың Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің өкілдері – бас директор Әмірхан Темірбаев, бас директордың орынбасары Өміржан Тәукебаев, география және табиғатты пайдалану факультетінің профессоры Виталий Сальников пен қауымдастырылған профессор Александр Ульман қатысты.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары және Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы технологиялар трансфері саласындағы инновациялық жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Бірінші кезеңде университетті цифрландырудың негізгі элементі болатын ҚазҰУ-дың цифрлық егізін құру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда.

Сонымен қатар Хонг Джинсунг Шон мырза университет оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруды ұсынды. Олар цифрлық егіздерді дамыту, дрондар мен роботтық жүйелерді құру, жасанды интеллектіні қолдану және үлкен деректерді өңдеу сияқты замануи бағыттарды қамтиды.

Бұл кездесу ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Жер, ғарыш және коммуникациялар ғылымдары орталығының басшысы Е.В.Шевченконың бастамасымен ұйымдастырылды.

Кездесу Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайту және озық технологиялармен алмасу жолындағы маңызды қадам болмақ.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі