Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтымен келісім орнады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ажинияз атындағы Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Қуандық Кадировпен жүздесті.
Келіссөз барысында тараптар әріптестік байланысты дамыту туралы екіжақты келісімге қол қойды. Меморандум аясында екі жоғары оқу орны оқытушылар мен студенттер алмасады, ғылыми жұмыстарды жүргізеді, сондай-ақ филология саласы бойынша ортақ жобаларды жүзеге асырады.
Кездесуде Жансейіт Түймебаев Қуандық Кадировты Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалуымен құттықтап, оқу ордасын өркендету жолындағы бастамаларына табыс тіледі.
«Бүгінгі жасалған келісім екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге негіз болады деп санаймын. Бұған екі ЖОО-ның мол әлеуеті жетеді. Болашақта Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институтының базасында ҚазҰУ филиалын ашуды ұсынамын. Бұл өз кезегінде ғылым мен жоғары білім саласын бірлесіп дамытуға септігін тигізеді», – деді Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Қуандық Кадиров ілтипат білдіргені үшін университет басшылығы мен ұжымына зор ризашылығын жеткізіп, институт туралы ақпарат берді.
«Нүкіс мемлекеттік педагогикалық институты 1934 жылы құрылған. Өткен жылы институттың 90 жылдығын өткіздік. Қазіргі таңда 17 мыңнан астам студент білім алады. Дәрістер бес тілде жүргізіледі. Алдағы уақытта ҚазҰУ-мен серіктестікті арттыруға баса мән беріп отырмыз. Осы тұрғыда институтта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы мен ғылыми орталықтарын ашуға әрдайым дайынбыз. Сонымен қатар сәуір айында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай, институтта халықаралық конференция өткізу жоспарда бар. Сол іс-шараға ҚазҰУ оқытушылары мен ғалымдарын қатысуға шақырамын», – деді Қуандық Кадиров.
Жүздесу барысында тараптар аталған ұсыныс-пікірлерді жүйелі түрде жүзеге асыруға және арнайы жұмыс тобын құруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


