Жаһандық журналистика мен PR мәселелеріне арналған тағылымды шара

15-ақпанда БҰҰ-ның «Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күніне» арналған IV халықаралық «Тұрақты даму мақсатында білім беру: жаһандық және инновациялық үдерістер» атты жаһандық журналистика және PR қысқы мектебі өз жұмысын бастады. Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы алғысөз сөйлеп, кездесуге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Alatau-Aqparat» медиа холдингінің Бас директоры Ержан Төлек өзі басқарып отырған ұйымның қолға алған жұмыстары және қазақ медиа саласындағы жаңа үрдістер, яғни медиасфераға ЖИ кіргізу жайлы ой қозғады.
IRIS PR CONSULTING коммуникациялық агенттігінің директоры Ырыс Аманкелді мен «Nomad Life» өмірді сақтандыру компаниясының баспасөз хатшысы Мұхамед Бағдатұлы қазіргі таңда қазақ тілді PR мамандарға және жобаларға сұраныстың артқанын, PR стратегияларды жүргізу, осы саладағы трендтер туралы құнды ақпараттар айтты.
Кәсіпкер, автор және «Уақыт көрсетеді» жобасының жүргізушісі Нұрсейіт Жылқышыбай спикер таңдау, оны сұхбат беруге көндіру және шынайы әңгіме өрбітудің түрлі әдіс-тәсілдері мен құпиясымен бөлісті.
Қазақ және ағылшын тілдерінде өткен іс-шараға журналистика факультетінің студенттері, шетелдік білім алушылар, магистрант-докторанттары және профессор-оқытушылары қатысты.
«Тау-Тұран» демалыс орнында, яғни табиғат аясында еркін деңгейде кәсіби мамандардың жеке тәжірибелерімен бөлісу және пікірталас ұйымдастыру бағытында өткен мазмұнды әрі тағылымды шара онлайн форматта өз жұмысын жалғастырады.
Ошанова Орынтай,
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация
кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор
Басқа жаңалықтар

