
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Наурызнама» онкүндігіне байланысты өтетін «Шаңырақ күні» мерекесі қарсаңында «Мерейлі отбасы» мәдени іс-шарасы өтті. Атаулы шараны ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағы ұйымдастырды.
2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы енгізіліп, Наурызнама тұжырымдамасы бекітілген болатын.
Жаңа тұжырымдама аясында бастау алған «Шаңырақ күні» мерекесі ел арасында ерекше қолдауға ие болды.
Отбасы құндылықтарын жаңғыртуға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған шараға білім ордасының оқытушы-профессорлары, қызметкерлері өз отбасы мүшелерімен келіп қатысты.
Игі шараға қатысушы философия және саясаттану факультетінің доценті Абай Дүйсенбаев: «Шаңырақ күні – қазақ халқының ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, отбасы құндылықтарын дәріптейтін ерекше мереке. Бұл күн отбасының, ата-бабадан қалған рухани мұраның, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын насихаттауға арналған. Бұл күнді атап өту арқылы біз отбасы институтын нығайтып, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарды аманат етеміз. Шаңырағымыз әрқашан биік, керегеміз кең, болашағымыз жарқын болсын!» – деп, өз пікірімен бөлісті.
Мерекелік шара аясында жиналғандар ұлттық нақыштағы игілікті іс-шараның куәсі болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

