ТДМ-16: Қаржылық болашаққа қадам: «Отбасы банк» мамандары кеңес берді

Университетімізде 27 қаңтар күні «Отбасы банк» өкілдерімен бірге «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында ақпараттық кездесу өтті. Іс-шараға 2006-2007 жылы туған Журналистика факультетінің студенттері қатысты. Олар аталмыш жоба аясында ұсынылған мүмкіндіктер туралы толыққанды ақпарат алып, көптеген маңызды мәселелерді талқылады.
Кездесуде «Отбасы банк» мамандары студенттерге «Ұлттық қор – балаларға» жобасы туралы кеңінен түсінік беріп, олардың сұрақтарына жауап қайтарды. 2024 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан бұл бастама еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге арнайы жинақ шоттарын ашуды көздейді. Ұлттық қордан жыл сайын бөлінетін қаржы балалардың болашақ қажеттіліктеріне, оның ішінде білім алу, тұрғын үй сатып алу, медициналық қызметтер мен басқа да маңызды қажеттіліктерге жұмсалмақ.
Кездесудің басты қатысушылары ретінде 2006-2007 жылы туған студенттер таңдалды. Себебі, дәл осы жас аралығындағы жастар жақын арада 18 жасқа толып, өз жинақтарын қажетті бағытта пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Осыған орай, «Отбасы банк» мамандары студенттерге жинақ шотын ашу тәртібі мен оның артықшылықтарын түсіндіріп, қаражатты дұрыс басқару жолдарын көрсетіп өтті. Сонымен қатар, студенттер банк мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, нақты жауаптар алды.
Іс-шараға қатысушылар кездесудің пайдалы болғанын атап өтіп, болашақта қаржылық мүмкіндіктері туралы маңызды мәлімет алғандарын айтты. Олар жинақ шотын ашудың жолдарын түсініп, әлі шот ашпағандарға жаңа есепшот ашу мүмкіндігі ұсынылды. Банк мамандары оның рәсімделу тәртібін толыққанды түсіндіріп берді.
Бұл ақпараттық шара студенттерге қаржылық сауаттылықты арттыруға, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін дұрыс пайдалану мен болашақ жоспарлауда маңызды рөл атқарды. Мұндай кездесулер жастарға қаржы мәселелерін ерте жастан түсініп, өз қаражаттарын тиімді басқаруды үйрететіні сөзсіз.